Оралда Ресей күні мерекелік концертпен атап өтілді
ОРАЛ. 12 маусым. ҚазАқпарат - Оралда Ресей күніне орай мерекелік концерт қойылды.
Шара барысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәлім еткеніндей, екі ел арасында мәңгі достық байланыстар бекітілген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ресей Федерациясы үшін Қазақстаннан, ал Қазақстан үшін Ресейден жақын ел жоқ екенін атап көрсеткен болатын. Қазіргі кезде Қазақстан мен Ресей Кедендік одақтың мүшелері болып табылады. Біртұтас экономикалық кеңістік құру бағытында үлкен жұмыстар жасалуда. Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес бірдей аймағымен шектеседі. Бұл ретте көршілермен экономикалық, әлеуметтік, мәдени байланыстар жолға қойылған, қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлердің күшімен бірлескен кәсіпорындар құрылуда. Мұндай қарым-қатынастар бұдан былай да тереңдей түсетін болады.
Ресей Федерациясының Оралдағы бас консулы Саид Забитов Ресей күні мемлекеттік мереке екенін, оны көршілес елдің азаматтары кең көлемде атап өтетінін жеткізді.
Ресей күніне арналған мерекелік концерт барысында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері, өңірдегі этномәдени бірлестіктер мүшелері өнер көрсетті.