Оралда Тәуелсіздік күні қарсаңында тіл жанашырларына құрмет көрсетілді
ОРАЛ. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше облыстық қазақ драма театрында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тіл жанашырларына құрмет көрсетіп, алғысхат табыс етті.
Онда өңір басшысы мемлекеттік тіл аясын кеңейтудің мән-маңызын атап көрсетті. «Әр ұлт тілінің қоғамдық өмірдегі мәні мен маңызы айрықша. Тілсіз ұлт пен қоғам жоқ. Соның ішінде ана тілін ерекше қастерлеу қажет. Сонау жылдары авардың ұлы ақыны Расул Гамзатов егер туған тілі өшер болса, өзінің жан қиюға даяр екенін айтып, жұртты бір серпілтіп тастаған. Даңқты жерлесіміз Қадыр Мырза Әлінің: «Ана тілің - арың бұл, ұятың боп тұр бетте, Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген өлең жолдары бүгінде қанатты сөздерге айналып кетті. Ана тілі - әр ұлттың байлығы, ғасырлар бойы жинаған құндылығы, жарқын болашағы. Елін, ұлтын сүйген әр азамат қана ана тіліне құрметті ұрпағының бойына сіңіре алады. Әрине, әр заманның талабы ерекше. Елбасымыз Н.Назарбаев қазақ тілін ұлтты ұйытатын, орыс тілін ұлтаралық, ағылшын тілін әлем өркениетіне жол ашар құрал ретінде бағалап отыр. Қазақстанның бүкіл әлемге кеңінен ашылуы мүмкіндігінше ағылшын тілін меңгеру қажеттігін де алға тартып отыр. Бір ғана мысал, жер жүзіндегі ғылыми әдебиеттің 75 пайызы сол тілде жарық көреді. Қазіргі кезде облыста кейбір мекемелер мен ұжымдардың аудармашы ұстап отырғаны құпия емес. Мұнымен келісуге болмайды. Өйткені кез келген қызметкер ана тілінде ойлап, сол тілде сауатты жазуы тиіс. Өзі ұмтылмаса, жұрттың барлығын бірдей ана тілінде сөйлету қиын. Бұл орайда облыстық тілдерді дамыту басқармасы белгілі бір жұмыстар тындырып келеді. Алайда қандастар арасында туған тілін менсінбейтіндер жеткілікті. Тағы бір мысал: бүгінде өзбектің 69, тәжіктің 79, түрікпеннің 90 пайызы ана тілін толық меңгерсе, бізде ол көрсеткіш 40 пайыздан аспайды. Ал осы дұрыс па? Біз, ана тілінің аясын кеңіту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз әрі жасай береміз», - деді әкім.