Оралда «Тәуелсіздікке тағзым» атты мерекелік концерт қойылды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы жабық мұз айдыны сарайында ҚР Тәуелсіздігі күніне орай «Тәуелсіздікке тағзым» атты мерекелік концерт қойылды.

 Оралда «Тәуелсіздікке тағзым» атты мерекелік концерт қойылды (ФОТО)

Концерт барысында қазақ елінің тарихынан көріністер қойылып, көркем билермен, отаншылдық рухтағы әндермен өрнектеліп отырды. Оған өңірге танымал шығармашылық ұжымдары, түрлі ұлт өкілдері, студент-жастар мен оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, белсене атсалысты. Астанадан арнайы келген белгілі ақын, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың сахнаға шығуы кеш шырайын аша түсті.

Салтанатты шарада жұртшылықты Тәуелсіздік мейрамымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтады. «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқанындай, «Тәуелсіздік аспаннан түскен тосын сый емес». Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы еді. Осы азаттық үшін алысып, жан берген ата-бабаларымыз, хан-батырларымыз, Алаш қайраткерлері қаншама! Ел басына түскен ауыр сындардан халқымыз өзінің бірлігі мен ырыс-ынтымағының беріктігі, қажыр-жігерінің мықтылығы арқасында өтіп келеді. Сонау қиын кезеңдердің өзінде сан ұлт өкілдеріне құшақ жайып, бауырына басқан қазақ халқы татулықты ту етіп, Мәңгілік елге бет алды. Еліміздің көк байрағы биікте желбіреп, бейбітшілік пен тыныштыққа негізделген барлық істеріміз баянды болсын», деді әкім.

Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы қорытындыланып, ұлтаралық татулықты нығайтуға айрықша үлес қосқан жандар марапатталды.