Оралда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған көпшілік шаңғы жарысы өткізілді (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Оралдағы қалалық мәдениет және демалыс саябағында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дәстүрлі көпшілік шаңғы жарысы өткізілді.

Оралда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған көпшілік шаңғы жарысы өткізілді (ФОТО)

Шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес қалың бұқараны спортпен айналысуға кеңінен тарту мақсатында жазда жеңіл атлетика, велосипед, қыста шаңғы жарыстары ұдайы ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйытқы болған шара биыл жазда Рио-де-Жанейрода өтетін ХХХІ жазғы олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, ел намысын қорғайтын спортшыларды қолдауға арналды.

Ұзындығы 3 шақырым болатын шаңғы жарысына түрлі мекемелер, оқу орындары, спорт мектептері, сондай-ақ қала тұрғындары, барлығы 2 мыңдай адам қатысты. Ерекше белсенділік көрсеткендер дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Ең жас қатысушы» аталымына бес жасар Илана Әділханова ие болса, 85 жастағы Алексей Победимов пен 67 жастағы Бақыт Мұқажанова «Ең жасы үлкен шаңғышы» атанды. Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж «Белсенді ұжым», Рашидовтар отбасы «Спортқұмар отбасы» атағына ие болды.

2
3
4
5