Оралда тұрғындар ағаштардың кесіліп жатқанын айтып шағымданды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Н.Назарбаев атындағы даңғыл бойында ағаштардың кесіліп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды. 

Оралда тұрғындар ағаштардың кесіліп жатқанын айтып шағымданды
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Қала тұрғынының Instagram әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, «Баспахана» аялдамасы тұсында бұрын бірнеше ағаш болған.

Оралда тұрғындар ағаштардың кесіліп жатқанын айтып шағымданды
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Міне, қараңыз, қандай теректер кесілген. Бұған кім рұқсат берді? Осы аялдама маңында әйтеуір бір нәрсе жасалады да жатады. Енді тендерді жеңіп алған біреу өз плитасын төсейтін болар. Даңғылдың қарсы бетінде тым-тәуір асфальт болған, оны да алып тастаған. Жыл сайын тек бір жерде тақтатас пен асфальт төсейді. Әсіресе, әкімдіктер алдында. Қаланың шеткері аймақтарында өткен ғасырдан бері ештеңе істелмейді, — дейді әйел.

Тұрғындардың пікірінше, мұндай ғасырлық ағаштар әрі оттегін бөледі, әрі адамдарға көлеңкесін түсіріп тұратын еді. Шыршалар әдемі болғанымен, оның тасасына тығыла алмайсың.

Оралда тұрғындар ағаштардың кесіліп жатқанын айтып шағымданды
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Осы мәселеге байланысты Kazinform тілшісі жолдаған арнайы сауалға Орал қаласы әкімдігі жауап берді.

Әкімдіктен алынған мәліметке қарағанда, апаттық жағдайдағы екі ағаш кесілген.

— «Баспахана» аялдамасы маңында, Н.Назарбаев даңғылы бойында Сарайшық көшесінен Ж.Досмұхамедов көшесіне дейінгі тротуарды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыру, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында жаяу жүргіншілер аймағын кеңейту қарастырылған. Абаттандыру жұмыстары аясында жаңа ағаштар, оның ішінде каштан мен жөке ағаштарын отырғызу жоспарланып отыр, — делінген ресми жауапта.

Оралда тұрғындар ағаштардың кесіліп жатқанын айтып шағымданды
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Әкімдік мәліметі бойынша аталмыш жобаның жалпы құны — 600 млн теңге. Өткен жылы басталған жұмысты биыл бітіру көзделіп отыр.

Бұдан тура бір жыл бұрын да аталған даңғыл бойында ағаштардың кесілуіне байланысты тұрғындар наразылық білдірген болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында ағаштың неліктен кесіліп жатқанын жазған едік.