Оралда тұрғындар кәріз суының жертөлеге құйылып жатқанын айтып шағымданды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында теміржол вокзалы ауданындағы тоғыз қабатты Г.Жуков көшесі 21-үй тұрғындары кәріз суынан жапа шегіп отырғаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Тұрғынның сөзіне қарағанда, күрделі жөндеу барысында теміржол вокзалы мен «Қазпошта» бөлімшесі арасындағы кәріз тұрбаларында мәселе туындаған. Апатты жою үшін таяуда салынған асфальтты қайта ашу қажет. Вокзал әкімшілігі мен «Батыс су арнасы» ЖШС бір-біріне сілтеп отыр.
— Кәріз құдықтары толып қалғандықтан, сасық су жертөлеге құйылып жатыр. Одан демалу мүмкін емес. Осындай жағдайда тұрып жатқанымызға бес күннен асты. Көпқабатты үйде кішкентай сәбилер, жүкті әйелдер, жасы ұлғайған адамдар тұрып жатыр, — дейді тұрғын.
Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне хабарласқан еді.
Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта көрсетілген аумақтарда су сору жұмыстарына арнайы бригада мен екі арнайы техника жұмылдырылған.
— Мамандар жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, су басу қаупін азайту және қалыпты жағдайды қалпына келтіру бағытында қажетті жұмыстарды істеп жатыр. Жағдай жергілікті атқарушы органның тұрақты бақылауында, — делінген ресми жауапта.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-дағы ауылда қос бірдей саябақтың күтімсіз қалғаны рас па, соны жазған едік.