Оралда тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыс өртеніп жатыр

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында қоқыс өртеніп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалаға қарасты Зачаган кентінде өрттің шұбатылған түтіні анық көрінеді.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, тұрғын үйлерден 15 шақырым қашықтықта орналасқан полигонда сағат 17.46-да шамамен 1 гектардай аумақта қоқыс жанды. «ICM Recycling» ЖШС-ға тиесілі полигонның жалпы ауданы – 33 гектар. Аталмыш ЖШС-ның күшімен (6 бортты көлік, 1 экскаватор, 2 бульдозер) жанып жатқан жер сазбен көмілуде. Қала аумағында түтін исі байқалмайды. Зардап шеккендер жоқ. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға ТЖ басқармасы (2 адам, 1 техника), №3 өрт сөндіру бөлімі (6 адам, 1 техника) және «ICM Recycling» ЖШС (16 қызметкер, 9 техника) күштері жұмылдырылған», деп хабарлады ведомстводан.


Зачаган кенті тұрғындарының сөзіне қарағанда, мұндай жағдай жаз шыға жиі орын алады. Кейде түнде өрттің жағымсыз исі кентті алып кетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда су айдындарында 24 жағажай жұмыс істейтінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар