Батыс Қазақстанда су айдындарында 24 жағажай жұмыс істемек

None
Фото: БҚО ТЖД
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында су айдындарында 24 жағажай жұмыс істемек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның бесеуі коммуналдық меншікте болса, 19-ы – жеке.

Оның сөзіне қарағанда, Тасқала ауданында 1 коммуналдық, Шыңғырлауда 1 жеке жағажай жаңадан ашылып отыр.

Департаменттің құтқарушылары жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері бойынша 23 жағажайдың түбін тексеріп, тазартты.


Облыс әкімдігінің 2018 жылғы 14 ақпандағы № 22 қаулысына сәйкес су нысандары мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған 69 орын анықталды, қазіргі уақытта нақты иелеріне бекіту жұмысы жүргізілуде (жағажайлардың басым бөлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің талаптары бойынша жұмыс істеуге жатпайды).

Су айдындарының қауіпті, шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде 307 тыйым салу белгісі мен 77 ақпараттық стенд орнатылған.


Қанат Қабиболлаұлының айтуынша, 1 маусымнан басталатын шомылу маусымы кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызы зор. Каникул мен демалыс уақыты басталысымен жаздың ыстық күндері көптеген отбасылар балаларымен суға түсуге барады. Өкінішке қарай, ересектер алкогольдік ішімдік ішеді. Ал балалар ата-аналарының қарауынсыз су айдындарында ойын ұйымдастырады. Мұның соңы қайғылы оқиғаларға соқтыруы ықтимал.

Соңғы бес жылда облыс бойынша 102 адам суға кетсе, соның 28-і – балалар.

Облыс әкімінің биылғы 13 сәуіріндегі №104-Ө өкімімен «Облыс су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары» бекітілді, оның негізінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар атқарылуда.

Атап айтқанда, жыл басынан бері 353 рейд ұйымдастырылып, 11 мыңнан астам үгіт материалдары таратылды. Рейдтер барысында су айдындарында жүріс-тұрыс қағидалары түсіндірілуде.


Департамент бастығы орынбасарының мәлімдеуінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім басқармасына тиесілі 32 рамалық-модульдік бассейн бар, оның 11-і балалар лагерьлерінде (қала сыртындағы), 21-і мектеп жанындағы лагерьлерде жұмыс істейтін болады.

Шомылу маусымы кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 70 құтқарушы, 20 жүзу құралы және патрульдеу үшін 12 автокөлік, сонымен қатар 31 сүңгуір жабдығы дайындалды.

Құтқарушылар су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған учаскелерінде (оның екеуі Орал қаласы Жайық және Шаған өзендерінде, біреуі Ақжайық ауданы Чапаев кенті Жайықта, тағы біреуі Теректіде Шалқар көлінде) патрульдеу ұйымдастырады.


«Адам өлімі негізінен су айдындарының жабдықталмаған жерлерінде орын алады, онда ағыстың күштілігі, су астында шұңқыр мен заттардың болуы қолайсыздық тудырады. Балаларды қараусыз қалдыру жағдайлары жиі кездеседі. Сондықтан суға түскен кезде қарапайым қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтау керек», деді Қ.Доспаев.


Соңғы жаңалықтар