Оралда жүргізушілік құқығынан айырылса да, рульге отырған мұғалім әйелге айыппұл салынды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында № 42 орта мектептің мұғалімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұған дейін ол мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған болатын.
Соған қарамастан, әйел тағы да рульге отырған — бұл жолы ішімдік ішпеген, бірақ Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген автокөлікті басқарған.
- Істі қарау нәтижесінде мұғалім ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы 3-бөлігі (жүргізу құқығынан айырылған адамның көлік басқаруы) және 590-бабы 1–2-бөліктері (көлік құралдарын тіркеу ережелерін бұзу) бойынша кінәлі деп танылды. Айыппұл мөлшері — 275 240 теңге. Жаза тағайындау кезінде кінәсін мойындауы, өкініш білдіруі және жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескерілді. Қаулы заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық ата-ананың 25 жылдан кейін америкалықтар асырап алған қызымен кездескенін жазған едік.