Оралға қарасты Зачаган кентінде жаңа емхана пайдалануға берілді
ОРАЛ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Оралға қарасты Зачаган кентінде ауысымына 250 адамды қабылдайтын жаңа емхана салтанатпен ашылды.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлініп, жаңа нысандар іске қосылуда. Биыл денсаулық сақтау саласының нысандары құрылысына 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Облыста ауысымына 250 адамды қабылдайтын екі емхана және Ақсай қаласында 500 адамды қабылдайтын емхана пайдалануға берілгелі тұр. Алдағы уақытта халқы жыл сайын көбейіп отырған, 42 мыңдай тұрғыны бар Зачаган кентінде 300 орындық аурухана, 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады. Сондай-ақ көп кешікпей осы кентте салынып тұрған көп қабатты үйлер пайдалануға беріледі. Кент көшелерінде жол салу, абаттандыру мәселелері де біртіндеп шешілетін болады.
Аталмыш емхана құрылысын «Алтим» ЖШС (директоры Геннадий Стародубцев) жүргізді. Сапалы салынған ғимарат іші кең де жарық.
Қазіргі заманғы жабдықтармен жасақталған емханада отбасылық денсаулық орталығы, кеңес беруші-диагностикалық бөлім, алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек және басқа бөлім, кабинеттер бар. Мәселен, отбасылық денсаулық орталығында жалпы машықтағы дәрігерлер, терапевт, балалар дәрігерлері жұмыс жасайды. Учаскелік бөлімшелер ересектер мен балаларға амбулаторлық қабылдау жүргізеді. Кеңес беру-диагностикалық бөлімшеде бейінді мамандар медициналық қызмет атқарады. Соның ішінде рентгенография, ультрадыбыстық зерттеу, мамография, флюрография, фиброгастродуоденоскопия, электрокардиография, спирография, физио бөлімі, зертхана, кольпоскопия кабинеттері заманауи технологиялармен жарақтандырылған. Алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінде жоғары білімді мамандар, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер қызмет көрсетеді.