Оразбек Асылқұлов бокстан әлем чемпионатында қарсыласын 22-секундта нокаутқа жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Оразбек Асылқұлов (57 келі) ширек финал жолдамасына ие болды.

Оразбек Асылқұлов
Фото: ҰОК

Отандасымыз 1/8 финалда Эсватиниелінен келген Мукело Дламинимен қолғап түйістірді. Жекпе-жек толықтай қазақстандық боксшының басымдығымен өтті. Нәтижесінде 22-секундта қарсыласын сұлатып түсірген Оразбек жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Қазақстандық боксшы бұдан бұрын Кабо-Верде өкілі Элизандру Саншеш да Силвані қапы қалдырған еді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Сәкен Бибосынов (54 келі), Ертуған Зейнулинов (63.5 келі), Даниял Сәбит (51 келі) ширек финалға жолдама алған еді

Енді ел құрамасынан Абылайхан Жүсіпов (71 келі) Александр Радионовпен (Беларусь) шаршы алаңға шығады.
Сондай-ақ 8 желтоқсанда ел құрамасынан Теміртас Жүсіпов (48 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) ширек финалға шықты.

Ал Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) қарсыласына есе жіберді.

IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.

Соңғы жаңалықтар