Оразбек Асылқұлов бокстан әлем чемпионатында ресейлік боксшыны жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Оразбек Асылқұлов (57 келі) финалға шықты.

Оразбек Асылқұлов бокстан әлем чемпионатында ресейлік боксшыны жеңді
Фото: ҰОК

Қазақстандық былғары қолғап шебері жартылай финалда ресейлік Андрей Пегливанянмен қолғап түйістірген еді. Жекпе-жек барысында ол жинақы қимылдап, ұпай санын молайтты. Төрешілердің бірауыздан шешімімен ол қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.

Енді қазақстандық боксшылар арасынан Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) шаршы алаңға шығады.

Айта кетсек, бүгін Сабыржан Аққалықов (75 келі) жартылай финалдағы қарсыласы өзбекстандық Фазлиддин Еркинбоевтың жарысты жалғастырудан бас тартуына байланысты бірден финалға шықты.

Сондай-ақ Сәкен Бибосынов (54 келі) енді әлем чемпионатында алтынға таласады. 

Ал Теміртас Жүсіпов (48 келі) жартылай финалда ресейлік Эдмонд Худоянға есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.

Ал қазақстандық Даниял Сәбит (51 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі), Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) жарысты ерте аяқтады.

Соңғы жаңалықтар