«Ордабасы» Премьер-лиганың турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 1 маусымда футболдан Қазақстан Премьер-лигасы оныншы турының алғашқы ойын күні мәресіне жетті.

ордабасы
Фото: instagram.com/fc__ordabasy

Бұл күнгі екінші ойында Шымкентте жергілікті «Ордабасы» Талдықорғаның «Жетісу» командасын қабылдады.

Былтыр ел чемпионы атағын тұңғыш мәрте жеңіп алған шымкенттік клуб биыл ала-құла ойынымен жанкүйер сенімін ақтай алмай келеді.

Қазірге дейін небәрі 13 ұпай жинап, турнир кестесінде бесінші орында тұрған еді. 

Есесіне талдықорғандық клуб 14 ұпаймен төртінші орынға жайғасқан болатын. 

Кездесу барысында «Ордабасы» сапынан 21-минутта Артем Беседин өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ.

Ал талдықорғандық клубтан Данияр Үсенов 26-минутта алыстан гол соғып, таразы басын теңестірді.

Одан кейін шымкенттік командадан Евгений Макаренко 32, Жасур Яхшибоев 35-минутта екі гол соғып кетті.

Осылайша қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірген «Ордабасы» турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.

Енді аталған турда 2 маусымда «Тұран» (Түркістан) мен «Ақтөбе», «Елімай» (Семей) мен «Қызылжар» (Петропавл), «Қайрат» (Алматы) пен «Шахтер» (Қарағанды), «Жеңіс» (Астана) пен «Атырау» командалары ойнайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Қайсар» сырт алаңда «Тобылды» жеңіп кеткен еді. 

Соңғы жаңалықтар