Орджоникидзе шыңында жарақаттанған альпинист тікұшақпен құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін таңертең шамамен 4000 метр биіктікте ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» тікұшағы жоғары таулы ауданда зардап шеккен адамды эвакуациялау операциясын сәтті жүзеге асырды.

Шыңға шығу кезінде зардап шеккен адам ашық табан сүйегін сындырып алған. Республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары мен ТЖМ авиациялық-медициналық орталығының дәрігерлері оны шұғыл эвакуациялауға кірісті.
Медициналық көмек көтерілген бойда көрсетілді.
- Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында зардап шегуші әрі қарай ем алу үшін қауіпсіз жерге жеткізілді. Қиын таулы жағдайлар туындатқан қауіп пен қатерге қарамастан, құтқарушылар жоғары кәсібилік пен жанқиярлық танытты, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, жақында Алматы маңындағы тауда тас құлап жарақат алған жасөспірім құтқарылды.