Оркестрлер шеруі-2015: Қазақ классиктерінің туындылары орындалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өтіп жатқан «Оркестрлер шеруі» фестивалінің екінші күнінде қазақ классиктерінің өміршең шығармалары орындалды.
None
None

Көрермендер музыкант Дінзухра Тілендиеваның жетекшілігімен Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің концертін тамашалады. Бағдарламада Абай, Құрманғазы, Нұрғиса Тлендиевтің және басқа да ұлы дала алыптары - қазақ халқының композиторларының атақты туындылары орындалды. Алматылықтар алдында Астана опера солистері, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, «Саржайлау», «Құсни-Қорлан», «Гәкку», «Бұлбұл» топтары өнер көрсетті. Мәдени шараға қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты. «Қала күні қарсаңында Оркестрлер шеруі осымен 6 жыл қатарынан өтіп келеді. Әр жыл сайын бұл шара бізге ғажап көңіл-күй, жаңа сезім сыйлап жатыр. Мұндай концерттер әлемнің көптеген елдерінде ашық аспан астында өтеді. Бұл керемет дәстүр. Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің осы шарада өнер көрсетіп жатқаны үлкен қуаныш. Адам мәдениетсіз, рухани дамусыз өмір сүре алмайды. Музыканың құдыреті біздің өмірімізді одан әрі мазмұнды етері сөзсіз», - деді қала әкімі. Жыл сайын еліміздің үздік оркестрлерінің орындауындағы кеңес дәуірінің әндері, бала кезімізден таныс дала әуендері мен әлемдік хиттар 10 000-нан астам адамның басын біріктіреді. Айтулы мәдени шара 5 жыл ішінде жұртқа Алессандро Сафина, Вахтанг Торели, «КВАТРО» тобы, Империялық орыс балеті, Сон Паскаль, «MEZZO» квартеті секілді және басқа белгілі әртістердің өнерін тамашалауға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар