Орманда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 800-ден астам мобильдік топ құрылды

Орман
Фото: Александр Павский / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жыл басынан бері 89 орман өрті тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,8 есеге аз. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев айтты. 

Аталған маман былтыр болған алапат өрт оқиғалары биыл қайталанбайтынын атап өтті. 

«Табиғи өртті өршітпеу мақсатында мемлекеттік органдармен алдын алу іс-шаралары жүргізілді. «Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, төтенше жағдайға әрекет ету кезінде басқару және өзара әрекеттесу алгоритмі бекітілді. Мұнда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың нақты міндеттері мен іс-қимылдары айқындалды. Ол үшін өрт қауіпсіздігі саласындағы барлық нормативтік-құқықтық актіге талдау жасалды. Орман өрттеріне қарсы күрестегі халықаралық тәжірибе зерделеніп, тиісті ұсыныстар әзірленді», - дейді Марғұлан Аманбаев. 

Сонымен қатар республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілген. Қазіргі таңда тілсіз жауды ауыздықтауға дер кезінде ден қою үшін өрт қауіпті өңірлерде мемлекеттік авиацияның су төгетін құрылғылары бар әуе кемелерінің кезекшілігі ұйымдастырылған. 

«2023 жылғы өртке байланысты статистикалық мәліметтерді ескере отырып, ТЖМ мен ЭТРМ бірлескен бұйрығымен 2024 жылғы өрт қаупі жоғары маусымда ел аумағында орман және дала өрттері тәуекелдерін төмендету және оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді», - деп мәлімдеді Марғұлан Аманбаев. 

Орман алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 800-ден астам мобильдік топ құрылған. Олар 6 400 рейд жүргізіп, 1 930 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Қазіргі таңда өрт сөндіру қызметтерінде 3 300-ден астам техника бар. Биыл тағы 288 бірлік өрт сөндіру техникасын, 4 500-ден астам жабдық пен 3 300-ден астам өрт сөндіруші киімін сатып алу жоспарланып отыр. 

                                                                                                                                                                                                                                 Асылбек ТОЙБЕК

Соңғы жаңалықтар