Өрт салдарынан 321 адам қаза тапты, олардың 37-сі балалар - ТЖМ

Өртте 321 адам қаза тапты, олардың 37-сі - кішкентай балалар, жарақат алып, күйікке шалдыққандар саны - 412.
Бұл туралы бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде өткен брифингте ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет төрағасының орынбасары Дәурен Данаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл ретте биыл өртте 1527 адам мен жалпы сомасы 49 млрд. астам теңгеге материалдық мүлік құтқарылды.
Талдау жұмыстары көрсеткендей, өрттің басым бөлігі, яғни 68 пайызы тұрғын үй секторында орын алған. Тұрғын үй секторында болған 7881 өрттің 58 пайызы қалалық жерлерде болса, 42 пайызы ауылдық жерде орын алыпты.
«Күзгі-қысқы маусымдарда тұрғын үй секторында, атап айтсақ, қала шетіндегі саяжайларда өрт көптеп шығады. Өйткені адамдар пеш жағу кезінде, немесе түрлі жылыту қондырғыларын қолдану кезінде қателіктерге бой алдырады», - дейді Д. Данаев.
Оның айтуынша, пеш жаққан кезде түтін шығатын құбырды мүлдем жабуға болмайды. өйткені жабық құбырдан шыққан улы газ бөлмеге таралады. Өңі де, исі де жоқ улы газбен адам бірнеше рет тыныс алса, есінен танады, тіпті өліп те кетуі мүмкін. Республика бойынша улы газбен улану нәтижесінде 83 адам көз жұмған.
Сондай-ақ, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін сақтамау да қайғылы оқиғаға душар етеді. «Өрт шығудың тағы бір себебі - отпен абайсыз болу», - деп атап өтті Д. Данаев. - Темекі тарту кезінде терезеден немесе балконнан сөндірілмеген темекі тұқылын, сіріңкені тастау, шаруашылық құрылыстарына жақын жерлерде алау жағу, сондай-ақ, бала-шағаны қараусыз қалдыру сияқты жауапсыз іс-әрекет те үлкен өртке, қайғылы оқиғаға алып келеді».