Орта білім беру жүйесіндегі жасанды интеллекті: министрлік кешенді жоспар әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта тілім саласына жасанды интеллектіні ендіру процесіне қатысты түсінік берді.

Қазақстанда геологиялық деректерді жасанды интеллект көмегімен цифрландыру бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр
Фото: ortcom.kz

- 12 мамырда Мемлекет басшысы білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай іске асырылып жатыр?, - деп сұрады Премьер-министр Олжас Бектенов.

Өз кезегінде ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова аталған Жарлықты жүзеге асыру бойынша ведомство жүйелі жұмысты бастағанын айтты.

- Біріншіден, кешенді жоспар жобасы әзірленді. Аталған жоспар белгіленген тәртіппен Үкімет қарауына енгізіледі. Бұл құжатта жалпы барлық мектептің интернет және инфрақұрылымдық дамуын жетілдіру, педагогтердің кәсіби біліктілігін дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын оқу процесіне енгізуге қатысты үлкен әдістемелік әрі танымдық бағыттар зерделеніп жатыр. Бүгінде пилоттық жобаға 500 мектепті іріктеу мәселесі қарастырылып отыр. Оның ішінде 250 шағын жинақты мектеп, 100 «Келешек» мектебі, 150 жалпы білім беретін ауыл және қала мектебін қамту жөнінде ұсынысымыз бар, - деді министр.

Осы орайда ол ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығы мәселесін жасанды интеллекті технологиясын енгізу арқылы шешу ескерілгенін атап өтті.

Ж. Сүлейменованың айтуынша, Жарлық аясында педагогтерді оқытуға ерекше екпін қойылған.

- Сонымен қатар, оқушылардың дербес мәліметтерін қорғауға назар аударып отырмыз. Бұған қатысты бұйрықтарымыз заң жобасына сәйкес қатаңдатылып жатыр. Бұл ретте жауакершілік мәселесі, мәліметтерді қорғау кеңінен қарастырылу үстінде, - деді ведомство басшысы.

Еске салсақ, жақында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.