Орталық Азиядағы жаңғырудың орталығы – Қазақстан: тәжікстандық сарапшы
АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан институционалдық даму саласында түрлі реформаларды жүзеге асырып, жаңа тетіктерді тәжірибеден өткізіп келеді. Бұл Орталық Азия елдеріне даму мен жаңғырудың тиімді бағыттарын таңдауға үлгі бола алады.
Тәжікстандық саясаттанушы Шерали Ризоён осындай пікір білдірді. Ол Құрылтай сайлауына қатысты өз ойын Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы жаңғыру үдерістеріне дәстүрлі түрде бастамашы болып келеді. Сонымен қатар ел өңірдегі дамудың жаңа бағыттарын айқындауға ықпал етіп отыр.
— Әсіресе 2025–2026 жылдардағы үдерістер Қазақстанның Орталық Азиядағы жаңғырудың негізгі орталығы әрі бастауы екенін көрсетеді. Конституциялық реформа мен заңнамалық жүйенің жаңаруы Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін де маңызды. Конституцияға енгізілген негізгі өзгерістер өңір елдерінің Ата заңдарында қалыптасқан ортақ қағидаттарға жаңа сипат береді. Бұл өзгерістерде тарихи құндылықтар мен азаматтық бірегейлікке басымдық берілген, — деді Орталық Азиядағы халықаралық қатынастар және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы Шерали Ризоён.
Спикердің айтуынша, бір палаталы парламент – Құрылтайды сайлау елдегі саяси жаңарудың келесі кезеңі болмақ. Бұл Қазақстанның саяси дамуында жаңа белеске жол ашады.
— Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өзгерістер Орталық Азия елдері үшін даму мен жаңғырудың жаңа бағыттарын айқындауға үлгі бола алады. Бұл қазіргі сын-қатерлер мен қауіптер үнемі өзгеріп отырған кезеңде аса маңызды, — деп қосты саясаттанушы.
Ол жаңа парламенттің құрылуы мен елдегі саяси өзгерістердің сыртқы жағдайға да оң әсер ететінін атап өтті.
Сарапшының сөзінше, бұл қадамдар ықтимал сын-қатерлердің алдын алуға бағытталған. Мұндай өзгерістер Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне орта мерзімді перспективада төнетін қауіптерді азайтуға мүмкіндік береді.
— Конституциялық және институционалдық реформалардың басты мақсаты – ішкі саясаттағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, түрлі топтар арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Сонымен қатар сыртқы күштердің елдің ішкі саясатына ықпалын барынша шектеу көзделген. Бұл – конституциялық референдум өткізу туралы бастамадан басталған реформалардың жалғасы. Аталған өзгерістер Орталық Азия елдерінің тұрақты даму үшін жаңа институттарды өз бетінше құрып, жаңғырта алатынын көрсетеді, — деп түйіндеді Шерали Ризоён.
Айта кетейік, үндістандық саясаттанушы Правеш Кумар Гупта да Құрылтай сайлауына қатысты пікір білдірді.