Орталық Азияның әлемдік саясаттағы салмағы арта түсті— өзбекстандық сарапшы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Биыл 3-4 сәуір аралығында Самарқан қаласында Еуроодақ пен Орталық Азия елдерінің алғашқы саммиті өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Саидмухтор Саидкасымов
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Жоспарланып отырған жоғары деңгейдегі келіссөздердің маңызы мен тараптардың келешек ынтымақтастығына қатысты Орталық Азия халықаралық институты директорының кеңесшісі, Өзбекстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі Саидмухтор Саидкасымов пікір білдірді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта өңір мемлекеттерінің әлемдік саясаттағы рөлі ауқымды. Бұған «Орталық Азия+» форматындағы кездесулердің жиі ұйымдастырылуы айғақ. Яғни, ОА елдерімен ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті елдердің қатары артып келеді.

— Бүгінде мемлекет басшыларының бірлескен жұмысы мен ынтымақтастығының нәтижесінде Орталық Азияның әлемдік аренадағы саяи-экономикалық салмағы арта түсті. Біздің пікірімізбен алпауыт державалар санасатын дәрежеге жеттік, — деді Саидмухтор Саидкасымов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Спикердің пайымынша, еуроаймақ елдері Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы жан-жақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаруға күш салып келеді. Оның ішінде стратегиялық шикізат, цифрлық трансформация мен энергетика салаларындағы байланыстарды нығайту саммитке қатысушы тараптардың елдік мүддесіне сай келеді.

— Аймақ мемлекеттерінің сыртқы саясаты барлық саладағы байланыстарды ілгерілетуге бағытталып отыр. Осы орайда, «Орталық Азия — Еуроодақ» саммиті ынтымақтастықтың барлық бағытын қамтиды. Әсіресе, әлеуметтік-экономикалық және саяси, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту үшін қажет, — деп тоқталды С. Саидкасымов.

Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері саммитке дайындық барысын 4 наурызда Ашхабадта өтетін кездесу аясында талқылайды.

Айта кетейік, Еуроодақ Орталық Азияның негізгі сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Сонымен қатар, өңір елдеріне бағытталған барлық инвестицияның 40%-дан астамы ЕО-ға мүше мемлекеттердің үлесінде.

Еске салсақ, «Орталық Азия — Еуроодақ» форматындағы алғашқы саммит былтыр көктемде өтуі тиіс болған. Дегенмен ол Еуроодақтың басшылық құрамындағы өзгерістерге байланысты кейінге қалдырылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қытай Орталық Азия елдерімен бірлесіп өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ниетті.

Сонымен қатар, былтыр ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Орталық Азия елдері мен халықаралық қаржы ұйымдарын күш біріктіруге шақырған болатын.

Соңғы жаңалықтар