Орталық Азия елдерінің Еуропалық Одақпен іс-қимыл жөніндегі ұлттық үйлестірушілерінің кезекті отырысы өтеді
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - 16 наурызда Брюссель қаласында, Орталық Азия елдерінің Еуропалық Одақпен іс-қимыл жөніндегі ұлттық үйлестірушілерінің кезекті отырысы өтеді.
Қазақстан тарапынан кездесуге ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков қатысады. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Аталған кездесу барысында өңірлік және халықаралық қауіпсіздік мәселелері, жаһандық қаржы дағдарысының салдарын еңсерудегі тараптардың өзара әрекеттесуі мәселелері, сондай-ақ өңірдің энергетикалық және экологиялық даму проблемалары талқыланбақ. Соның ішінде су ресурстарын басқару және ағымдағы жылдың маусымында Бішкек қаласында өтетін кезекті министрлік конференциясына байланысты мәселелерді талқылау жоспарлануда.
«Бұдан бөлек Еуроодақпен кеңейтілген әріптестік жөніндегі жаңа келісім бойынша келіссөздер кестесі мен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау жоспарлануда. Орталық Азия елдерінің Еуропалық Одақпен іс-қимылдар жөніндегі ұлттық үйлестірушілерінің кездесулері «Еуроодақ және Орталық Азия - Жаңа серіктестік стратегиясы» шеңберінде жыл сайын өтіп келеді», - дейді ресми өкіл.