Орталық Азия журналистері ұлтаралық келісім мәселелеріндегі БАҚ-тың маңызын талқылауда - Шолпаната
ШОЛПАНАТА. 19 шілде. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қырғызстанның Ыстықкөл облысында бүгін «БАҚ және ұлтаралық келісім мәселелері» деген тақырыпта Орталықазиялық семинар-тренинг басталды.
Бұл шара «РИА «Новости» ресейлік агенттігінің, Қырғызстанның «Кабар» ұлттық агенттігінің, Ресей Федерациясының Қырғызстандағы елшілігінің және «Еуразиялықтар - Жаңа толқын» қоғамдық қорының қолдауымен өткізіліп отыр.
2010 жылдың маусым айында Қырғызстанның оңтүстігінде орын алған қайғылы оқиғаны баршамыз білеміз. Елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақсыздығы мүдделі күштерге елдегі ұлтаралық келісімге іріткі салуға жол берді, үлкен қақтығысқа әкелген қайғылы оқиғаның салдарынан Қырғызстанның жүздеген азаматы қаза болды.
Медиа-сарапшылардың пікірінше, тәртіпсіздіктер кезінде оқиғалардың үстірт таныстырылуына, шындыққа сай келмейтін ақпараттық материалдардың таратылуына жол берілді, журналистердің кәсіби деңгейлерінің жетімсіздігінен жаңалықтар өз жеделдігін жоғалтып жатты.
Осыған орай, азаматтардың шынайы ақпараттар алуға деген құқықтарын қамтамасыз ету маңызды деп санайды сарапшылар. Әсіресе, ұлтаралық келісімді нығайтудағы БАҚ-тың рөлін күшейтуге ерекше назар аудару керек. Дәрістер мен семинарлар өткізу үшін «РИА «Новости» агенттігі ресейлік жетекші журналистер мен БАҚ саласындағы бірқатар ресейлік сарапшыларды шақырып отыр.