Орталық Азияда біртұтас мұсылман үмметін қалыптастыру үшін ортақ медреселер ашу қажет - Ержан қажы Малғажыұлы
«Бізде Кеңестік дәуірге дейін жалпы мұсылман үмметін даярлауға, қалыптастыруға арналған, ата-бабамыздан келе жатқан, халқымыздың болмысымен,табиғатымен біте қайнасып кеткен дәстүрлі Орталық Азиялық өзіндік бір мектеп болған. Кейін Кеңес заманында одан айрылып қалдық. Содан тәуелсіздік жылдарында жастарымыз шет елдерге барып оқып келіп, сол оқып келген жағының мектебін енгізуге тырысты. Сондықтан біз өзімізге тән мектебімізді қайта жандандыруымыз керек. Бұл үшін ортақ оқыту бағдарламаларына сүйенген оқу орындары ашылуы тиіс. Ол қазақ, қырғыз, өзбек, тәжікке және түркімен халқына ортақ болуы керек. Ал осы бастаманы жүзеге асыру үшін осы форум аясында Орталық Азия ғұламаларының кеңесін құрған жөн. Ол сонымен қатар Орталық Азия мұсылмандарының ортақ құндылықтарын айқындайды және ортақ мәселелер бойынша орта пәтуалар шығаратын болады», - деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Сөз соңында Бас мүфти Орталық Азия ғұламаларының форумын аладғы уақытта тұрақты түрде өткізіп тұруды ұсынды.
Сондай-ақ форумда Орта Азия елдеріндегі радикалды идеологияның таралуына қарсы күресу мәселелері талқыланып, қарар қабылданып, үндеу жарияланады. Сонымен қатар Ислам ғалымдары мұсылман үмметін, жалпы халықты ортақ мәзһабымыздың мәртебесін көтеріп, қоғамда тыныштық орнату, жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтарды насихаттау, Ислам дінін болашақ ұрпаққа дұрыс жеткізу, ортақ мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғырту, дамыту мәселелерін талқылайды.
Бүгінгі іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің бас мүфтилері, беделді ғалым-теолог және имамдар қатысуда.