17:12, 22 Сәуір 2014 | GMT +5
Өртенген үйдің орнына жаңа үй салынатын болды - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Өткен жылы күзде облыстың Әйтеке би кентідегі Т.Айбергенов көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйде төтенше жағдай орын алып, тұрғын үйді өрт шалған болатын. Нәтижесінде тұрғын үй жарамсыз күйге түсіп, адам өміріне қауіп тудырып тұрғандықтан бұзуға шешім қабылданған еді. Облыс әкімінің қолдауымен бұл мәселе оң шешімін тапты.
Аймақ басшысының тұрғын үйдің құрылысын қайта салу туралы берген тапсырмасына сәйкес, жобаның құжаттары әзірленіп, сәулеттік жоспарлау тапсырмасы дайындалды. Сонымен бірге, облыстық деңгейдегі атқарушы органдардың резервінен 5,9 млн теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны - 199 668,0 мың теңге.
Облыстық мәслихаттың сәуір айының 15-де өткен сессиясында облыстың резервтік қорынан 33 млн. теңге қаражат бөлінді. Жақын күндері құрылыс жұмыстары басталады.
Айта кету керек, қазіргі таңда өртенген 18 пәтердегі 66 адамның 5 айдан бергі тұрғын үй шығындары аудан әкімдігі тарапынан оң шешімін тапқан. Жалдау ақысы демеушілік есебінен жүргізілуде.