Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Орынборда «Нұр Отан» ХДП мен «Біртұтас Ресей» Жалпыресейлік саяси партиясы шекаралас филиалдарының Кеден одағы мәселелері бойынша аймақаралық екінші форумы өтті

АНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат - Сәуірдің 19-ында Оренбор қаласында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы мен «Біртұтас Ресей» Жалпыресейлік саяси партиясының шекаралас филиалдарының Кедендік Одақ бойынша жұмыс мәселелеріне арналған екінші аймақаралық форум өтті.

Орынборда «Нұр Отан» ХДП мен «Біртұтас Ресей» Жалпыресейлік саяси партиясы шекаралас филиалдарының Кеден одағы мәселелері бойынша аймақаралық екінші форумы өтті

Оның жұмысына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Оренбор облысының губернаторы Алексей Чернышев, «Біртұтас Ресей» партиясы Жоғарғы кеңесінің Бюро мүшесі Владимир Пехтин, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаттары, «Нұр Отан» ХДП мен «Біртұтас Ресей» ЖСП аймақтық филиалдары өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаты Қазақстанның ТМД-дағы ықпалдастық үдерістерге белсене араласуына бағытталған. «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында Елбасы: «...2010 жылғы қаңтардың 1-інендың күшіне енген Белорусь және Ресей елдерімен кедендік одақ құру - бұл қазақстандық барлық ықпалдастық бастамалардың алды», - деп атап өткен болатын.

Форум Қазақстан, Ресей және Белорусь одағын нығайтуға арналған бірлескен жұмыстың қарқынды жалғасына айналды.

Қатысушылар Кедендік одақ бойынша жұмыс, Кедендік одаққа кірген елдердің бизнес-құрылымдарында салық мөлшерін төмендету мүмкіндіктерін, болашақ әріптестік мәселелерін талқылады. Олардың барлығы Қазақстан, Ресей, Белорусь Кедендік одағы бұл - өзара әрекеттің жаңа түрі, Бірыңғай экономикалық кеңістік құру жолындағы нақты қадам деген пікірде.

Әсіресе, Қазақстан мен Ресейдің басқарушы партияларының Кедендік одақты дамытудағы рөліне баса назар аударылды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей халқы арасында қоғам тарапынан қолдауды ұйымдастыру, екі ел азаматтарын Кедендік одақтың мақсаты мен міндеттері туралы толықтай ақпараттандыруға, оның жұмысын табысты жүзеге асыру үшін қажет заңдар мен басқа да нормативтік актілерді үйлесестіру үшін партияның Парламенттегі фракцияларының жұмысын реттеуге, сондай-ақ, партиялар мен олардың шекаралас филиалдарының ынтымақтастығын арттыруға ерекше көңіл бөлінді.

Форумда Кедендік одаққа қатысушы елдердің ықпалдастық болашағы мен негізгі бағыттары, екі партияның шекаралас аймақтарда одақ жұмысын жүзеге асырудағы аймақтық құрылымдарының рөлі талқыға салынған бірқатар сессиялар жұмыс істеді.

Форум қорытындысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Президентіміз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, осы Кедендік одақ болашақта Еуразия деңгейіндегі жаңа экономикалық дамудың жолын ашатын болады. Сондықтан бұл интеграция біздің Қазақстанға, басқа мемлекеттер үшін де өте маңызды, өте тиімді. Сол үшін екі елдің басқарушы ұйымдары «Нұр Отан» мен «Біртұтас Ресей» партиялары алдағы уақытта парламенттегі фракцияларымыз арқылы осы Кедендік одаққа қатысты жұмыстарды жасап, халық арасында насихат жүргіземіз. Бүгін осындай келісімдерге қол жеткіздік», - деп атап өтті.

Форум нәтижесінде тиісті қарар қабылданды.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің екі жетекші партияның бірлескен іс- шаралары бағдарламасы аясында «Біртұтас Ресей» партиясы төрағасының орынбасары, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаты Владимир Пехтинмен кездесуі өтті. Кездесуде өткен жылы Санкт-Петерборда қол қойылған Ынтымақтастық туралы Хаттаманың орындалуы жайлы әңгіме өрбіп, тараптар оның барлық баптарының жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.