Орынборлық кәсіпкерлер Батыс Қазақстан облысында болды

ОРАЛ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Орынборлық кәсіпкерлер Батыс Қазақстан облысында болды.

Орынборлық кәсіпкерлер Батыс Қазақстан облысында болды

Олар облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесіп,  ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, өңдеумен айналысатын шаруашылықтардың, кәсіпорындардың жұмыстарымен танысты. Орынборлық кәсіпкерлердің арасында қандасымыз Алтай Жоламанов та бар. Ол басқаратын «Хлебопродукт-2» жабық ационерлік қоғамы ұн, жарма, нан-бөлке өнімдерін шығарады. «Мелина» атты сауда маркасымен шығарылатын өнімдер аталмыш губернияға ғана емес, Ресейдің Урал аймағына кеңінен танымал.

- Орынборға жасаған сапарымыз кезінде мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарда болдым. Соның бірі - «Хлебопродукт-2» ЖАҚ. Орынбор облыстық ауыл шаруашылығы министрі Сергей Соловьев бұл кәсіпорын губернияның агроөнеркәсіп кешенінің дамуына айтарлықтай үлес қосып отырғанын жеткізді. Көптен бері елмен байланыс жасауды аңсап жүрген Алтай Жоламанов бірігіп жұмыс істеу туралы біздің ұсынысымызды қуана қабылдады, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы бақармасының бастығы Шағуан Ибрагимов.

Көрші елдегі қандасымыз Зеленов, Теректі аудандарының аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Оған «Батыс Күнбағыс» АҚ-ның май зауыты ерекше ұнаған.

Ресейлік кәсіпкерлерді еліміздегі мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы техникаларын алуға жасалып отырған жеңілдіктер де қызықтырады. Мәселен, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы бөлінетін несие мөлшерлемесі 6,5 пайыз болса, Ресейдегі жеңілдетілген несие мөлшерлемесі 18 пайызды құрайды. Соған орай орынборлық «Агромаштехинциатива» деп аталатын акционерлік қоғамы Оралдан өз филиалын ашқысы келеді. Бұл кәсіпорын Ресей, Беларусь, Украинада шығарылатын сан түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын сатумен айналысады. Зауыттардың байырғы серіктесі болғаннан соң, бағалары арзан, жеткізілуі тез. Бұл өз кезегінде батысқазақстандық шаруалардың жаңа техникамен қамтылуына мүмкіндік туғызбақ.

Енді етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту, селекциялық жұмыстар жүргізу, дән егу мен оны жинау, мал азығын дайындау, агросекторға арнайы маман дайындау ісі де бірігіп жүзеге асырылмақшы.