Осы жеңіліс үшін халықтан кешірім сұраймыз — Әлішер Ерғалидің жеке бапкері
ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі Әлішер Ерғалидің жеке бапкері Пернебек Беласар шәкіртінің жеңілісі туралы пікірімен бөлісті.

«Олимпиада ойындарына өте үлкен дайындықпен келген едік. Өте өкінішті. Төрт ұпай бәрін шешіп кетті. Біздің мақсатымыз қарсыласты шаршату болған. Алайда, тағы да айтамын, сол төрт ұпай жоспарымызды бұзды. Олимпиада болған соң, барлық балуан бабында келеді. Осы жеңіліс үшін халықтан кешірім сұраймыз. Бізге негізі барлық жағдай жасалған болатын. Барлық жарыстарға қалмай қатыстық. Оқу-жаттығу жиындары да ойдағыдай өткіздік. Бірақ, үміт ақталмады. Енді Ахмед финалға шықса деп тілейміз. Егер, ол финалға шықса, жұбаныш белдесуінде барымызды салып, қола жүлдеге таласамыз», — деді Әлішердің жеке бапкері Пернебек Беласар.
Естеріңізге сала кетейік, 97 келі салмақта сынға түскен отандасымыз Әлішер Ерғали ширек финалдық белдесуде әлем чемпионы, Ханчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы Бахрейн балуаны Ахмед Тажудиновтан 14:2 есебімен ұтылып қалды.