Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ОСК сайлау алдында сауалнама жүргізетін 5 ұйымды атады

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық сайлау комиссиясына сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал жүргізу туралы 5 заңды тұлғадан хабарлама келіп түсті.

ОСК сайлау алдында сауалнама жүргізетін 5 ұйымды атады
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

ОСК мәліметінше, сауалнама жүргізуге рұқсат алған ұйымдар тиісті құжаттардың көшірмелерін ұсынған.

Қоғамдық пікірді зерттеумен айналысатын ұйымдар қатарында:

  • «Еуразиялық интеграция институты» ЖШС — жаппай сауалнама, фокус-топтық пікірталас, сараптамалық сауалнама, жедел сауалнама және exit poll әдістерін қолданады;
  • «DATAMETRICS» ЖШС — face-to-face сұхбат жүргізеді;
  • «Қоғамдық саясат институты» жеке меншік мекемесі — бетпе-бет сұхбат, телефон арқылы сауалнама, интернет-сауалнама және exit poll әдістерін пайдаланады;
  • «Институт комплексных социальных исследований — Астана» жеке қоры — дауыс беру орындарынан тыс сауалнама, үздіксіз ағын әдісімен exit poll, жеке сұхбат және онлайн сауалнама жүргізеді;
  • «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ — face-to-face сұхбат, телефон арқылы сауалнама және exit poll өткізеді.

Заңға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар сауалнама нәтижелерін жариялаған кезде зерттеу жүргізген ұйымды, тапсырыс берушіні, сауалнама уақытын, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, қатысушылар санын және қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.

Сонымен қатар сайлау алдындағы соңғы бес күнде және дауыс беру күні қоғамдық пікір сауалдарының нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды жариялауға тыйым салынады.

Сайлау күні дауыс беру орындарында қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге де рұқсат етілмейді. Бұл талаптарды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура сайлау қарсаңында қазақстандықтарға заң талаптарын еске салған еді.