Өскемен қаласының прокуроры уақытша қызметінен шеттетілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласының прокуроры Тимур Чакпантаев уақытша қызметінен шеттетілді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы хабарлады.
Бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде прокурорға қатысты қылмыстық іс қозғалды деген ақпарат тараған болатын. Оның есімі өзіне бағынышты қызметкерлерді соққыға жықты деген күдікпен аталған. Полиция әзірге бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ, алайда облыстық прокуратура мұндай істің бар екенін растады.
Ресми мәліметке сәйкес, прокурорға қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр.
– Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңына сәйкес, Өскемен қаласының прокуроры жауапкершілік туралы шешім қабылданғанға дейін уақытша қызметінен шеттетілді, – делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
Ведомство өкілдері бұған дейін де прокуратура қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексерістер жүргізілгенін атап өтті. Сол тексерулердің нәтижесінде кейбір фактілер расталып, қызметтік этика нормаларын бұзған қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіров ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған болатын.