Өскемен мәслихаты автобус жолақысының құнына қатысты бастаманы мақұлдады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында қоғамдық көлік жолақысы қыркүйек айында өзгеруі мүмкін.
Қалалық мәслихат жол жүрудің жаңа тарифтері туралы жобаны мақұлдады.
Соған сәйкес, бір реттік жол жүру құны қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 120 теңге, ал қолма-қол төлем кезінде 200 теңге болады деп жоспарланған. Қазір жол жүру ақысы сәйкесінше 90 және 130 теңгені құрайды.
Тарифті көтеру мәселесі шілде айында талқыланған болатын. Сол кезде қала әкімдігі жаңа тарифтерді 1 қыркүйектен бастап енгізу көзделіп отырғанын хабарлаған. Жоба қалалық Қоғамдық кеңестің отырысында да қаралған.
Талқылау барысында кеңес мүшелеріне жолаушылар тасымалының өзіндік құны мен кәсіпорындарға жыл сайын бөлінетін бюджет субсидияларының көлемі таныстырылды. Жиын қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес ұсынылған өзгерістерді қолдаған еді.
Алайда мәслихаттың шешімі жаңа тарифтердің 1 қыркүйектен бастап автоматты түрде қолданысқа енгізілетінін білдірмейді. Жаңа тарифті енгізу үшін қала әкімдігінің тиісті қаулысы шығуы қажет.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада 20-ға жуық автобус бағыты өзгергені хабарланған.