Өскемен мен Семейдегі ЖЭО-ларды ақырында Ресей салуы мүмкін – Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Өскемен мен Семейдегі жаңа жылу-электр орталықтарын Ресей салуы мүмкін екенін айтты.

жылыту маусымы, қазандық
Фото: Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

Еске салайық, бұған дейін Семей мен Өскемендегі ЖЭО-ларды Қазақстан өз күшімен салатыны айтылған еді.

«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы осы мәлімдеменің мәнін ашты.

- Семей мен Өскемендегі жылу электр орталығын салуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде қаржыландыру мәселесі де бар. Түрлі қаражат көзі қарастырылып жатыр – өзіміздің қаражат та, ресейлік қаражат та бар. Ресей тарабы үкіметаралық келісім аясында осындай жолды ұсынған. Қазір Ресей тарабымен ақтық шарттарды талқылап жатырмыз. Қаржыландыру көзі туралы түпкілікті шешім шыққан жоқ. Қаржы көзі анықталғаннан кейін әлеуетті ЕРС-мердігерді (жобалаудан бастап іске қосқанға дейінгі жұмыстарды толық мойнына алатын мердігер) анықтауға көшеміз. Мұнда мердігерлікке Ресей тарабынан да, жылу стансаларын салатын халықаралық консорцииумдар да тартылуы мүмкін, - деді ол.

Айтуынша, аталған құрылыстар 2029 жылдың екінші жартысында біту керек.

- Сонда Ресей әлі де ол жобаларға қатыса алады. Ешқандай түпкілікті шешім шыққан жоқ, - деді Қайрат Мақсұтов.

Осыған дейін Қазақстанның алдағы қыста да Ресейден электр қуатын импорттауы мүмкін екені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар