Өскемен неге 10 күн бойы түсініксіз түтіннің құрсауында қалды – министр жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қараша айының соңғы 10 күнінде Өскемен неге түсініксіз түтіннің құрсауында қалғаны туралы ресми нұсқаны айтты.

Ауасы лас Өскемен
Фото: қала тұрғындарынан

- Ол жерде қоршаған ортаға күнделікті көлемде шығарынды тасталған. Ағаштың басы қозғалмайтындай тымырсық ауа райына байланысты шығарындылар ауырлап, ұшып кетпей жаймен тұра берген. Әрине шығарынды көп жиналғандықтан қап-қара болып көрінеді. 2022 жылдан бері меморандум бар. Қоршаған ортаны ірі ластаушылар қолайсыз метеорологиялық жағдай болған кезде шығарындылардың көлемін 20 пайыз азайту керек. Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты мен «Қазцинк», Согра жылу-электр орталығы сияқты кәсіпорындардың бәрі ол меморандумға қол қойған. Сіз айтып отырған кезеңде кәсіпорындардың бәрі сол келісім бойынша жұмыс жүргізді. Енді өңірлік мәслихат қолайсыз метео жағдай кезінде технологиясы 24 сағат бойы үздік жұмыс істеуді талап етпейтін өндірістердің тоқтат тұру мәселесін талқылап жатыр. Осындай ережелер қолданатын болады, - деді министр.

Сондай-ақ ол аталған тәжірибе Өскеменде сәтті іске асса, өзге өңірлерге де енгізілетінін айтты.

- Бүкіл республикаға тарату үшін кәсіпорындардың ерекшелігі ескеру керек. Мысалы Жезқазғанда болмайды. Өйткені 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеп тұратын мыс өндіріп, балқытатын кәсіпорындар бар. Әрине, мұндай тәжірибені тарату керек. Бірақ әуелі Өскеменде қалай болатынын көрейік, - деді Ерлан Нысанбаев. 

Бұған дейін «Қазцинктің» Өскемендегі кәсіпорындарын прокуратура тексеріп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар