Өскеменді түтін тұмшалап тұрғанына 10 күн болды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқанына 10 күн болды. Ертең де желсіз күн күтіліп отыр.

Қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқалы бері көшелерді түтін басып тұр. Тұрғындардың кейбірі кәсіпорындарды тұрғын үйлерден алысырақ жерге көшіруді ұсынса, басқалары зауыттардың мұржаларына жақсартылған сүзгілер орнатуды талап етуде.
Экологтар жүргізген мониторинг мәліметтеріне сүйенсек, Өскеменде ауаға тараған бірқатар ластаушы зат мөлшері рұқсат етілген шектен асып кеткен. Атап айтқанда, күкірт диоксиді нормадан 1,4 есеге, көмірқышқыл газы 1,5 есеге асқан.
— 25 ақпан сағат 20.00-ден бастап 26 ақпан сағат 20.00-ге дейін қалада екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталады, — делінген «Қазгидромет» РМК таратқан ақпаратта.
Демек, қала аспанын түтін тұмшалап тұрғанына ертең он бірінші күн болмақ.
Еске салсақ, бұған дейін Өскемендегі көпірдің астынан ер адамның мәйіті табылғаны хабарланған.