Өскеменде 800-ге жуық тігінші 2 шақырымдық құрақ көрпе төсеп, әлемдік рекорд орнатты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында Қазақстанның 17 өңірінен келген 800-ге жуық тігінші 2 шақырымдық құрақ көрпе төсеп, әлемдік рекорд орнатты.
14-17 мамыр аралығында Шығыс Қазақстанда «Ғасырлық дәстүрлер» кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Соның аясында бүгін Өскемендегі «Восток» стадионында Әзербайжан, Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан мемлекеттерінен және өзге өңірлерден 789 қолөнер шебері жиналды.
Олар 2 шақырымды құрайтын аламан құрақ көрпе жайды. Бұл оқиға «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабына енгізілді. Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған шараның басты мақсаты — ұлттық этнографиялық мұра мен сәндік-қолданбалы өнерді насихаттау.
— Сонымен қатар фестиваль аясында шеберлік сағаттары, тақырыптық көрмелер мен шығармашылық зертханалар, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесу, қала және аудандардағы мәдениет қызметкерлері үшін бейінді оқыту семинары ұйымдастырылып жатыр. Арнайы концертте этникалық музыка шеберлері өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады, — деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Еске салсақ, осыған дейін Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығы Гиннестің рекордтар кітабына енгені хабарланған.