Өскеменде ерекше балаларға арналған ресурстық орталық ашылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендегі №8 орта мектепте ерекше балаларға арналған ресурстық орталық ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде ерекше балаларға арналған ресурстық орталық ашылды

«Дара» жеке меншік қайырымдылық қоры мен облыстық білім басқармасының қанаттаса атқарған жобасы аясында ашылған орталықта ерекше мұқтаждықтары бар балаларды қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізілмек. Жобаға «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік бағдарламаларды дамыту қоры қолдау көсеткен. 

«Бұл ресурстық орталықта білім беруде ерекше қажеттілігі бар балалар қоғамға бейімделіп, жалпыға бірдей білім алуға мүмкіндік алады. Әр бала өз замандастарымен бірге мектепте оқуы керек. Ресурстық орталықтың ұстанымы осындай» - дейді «Дара» қайырымдылық қорының өкілі Марал Шешембекова. 

Ұйымдастырушылар осы жоба негізінде өзге аудандарда да арнайы орталықтар ашуды көздеп отыр. Жаңа орталық 1 қыркүйек күні жұмысқа кіріседі. Мұнда ерекше санаттағы балалармен қоса олардың ата-аналарына да писхологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі. Бұл орталық, сонымен бірге, ұстаздардың әріптестік алаңына айналмақ. Ерекше балармен жұмыс тәжірибесі бар педагогтар мұғалімдерге нұсқау беретін болады.