Өскеменде қоқыс толған пәтердің өртенуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында қоқыс толған пәтердің өртенуіне қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Өскеменде қоқыс толған пәтер отқа оранды
Фото: ТЖМ

Өскемен қаласында полицейлер тұрғын үйде болған өрт дерегі бойынша тергеу жұмыстарын бастады.

Өрт 5 ақпан күні Әуезов даңғылы бойындағы № 49Б мекенжайындағы көпқабатты үйде шыққан. Пәтер іші шамадан тыс қоқыспен толып кетуіне байланысты өрт сөндірушілер тілсіз жаумен 8 сағаттан астам уақыт бойы күресті. 

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша Ертіс полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 204-бабы 2-бөлігіне (Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.

— Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижесінде өрттің нақты шығу себебі және оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде қоқыс толған пәтер отқа оранғаны жайлы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар