Өскеменде ірі есірткі қоймасы анықталып, 100 келіге жуық марихуана тәркіленді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында ірі көлемдегі есірткі заттары сақталған қойма анықталды. 

Өскеменде ірі есірткі қоймасы анықталып, 100 келіге жуық марихуана тәркіленді
Фото: ШҚО ПД

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жедел іздестіру шараларының нәтижесінде есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар 27 жастағы қала тұрғыны ұсталды.

— Тінту барысында оның гаражынан нағыз есірткі қоймасы табылды. Оның ішінде өсімдік тектес зат салынған екі қорап, көлемі 120 литр болатын жартылай толтырылған алты пластик бөшке және буып-түюге арналған материалдар тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 93 келіден асатын «кептірілген марихуана» болып шықты. Бұл аса ірі мөлшер болып саналады, — делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Осы ретте, тәртіп сақшылары есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар адам мүлкі тәркілене отырып, 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екендігін ескертті.

Еске салсақ, бұған дейін Өскеменге Алматыдан келіп, есірткі саудалаған курьер ұсталғаны хабарланған