Өскеменге Алматыдан келіп, есірткі саудалаған курьер ұсталды
ӨСКЕМЕН.KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысының полицейлері психотроптық заттар сататын интернет-дүкен курьерінің қызметін тоқтатты.
Өскемен қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері жалдамалы пәтерде тұрып, есірткі заттарын таратумен айналысқан 30 жастағы ер адамды ұстады.
Оны тінту барысында ұнтақ тәрізді заты бар 12 түйіншек және ұялы телефон тәркіленді. Пәтерді тінту кезінде қосымша тағы бес ұялы телефон табылды. Зерттеу нәтижелері бойынша тәркіленген заттың жалпы салмағы 20 грамнан асатын «а-PVP» психотроптық заты екені анықталды. Бұл қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес ірі мөлшерге жатады.

- Күдіктінің 2026 жылдың қаңтар айында Алматы қаласында Telegram мессенджері арқылы курьер-жасырушы болып жұмысқа орналасқаны анықталды. Наурыз айының басында куратордың нұсқауымен ол Өскеменге келіп, баспана жалдап, тыйым салынған заттарды таратумен айналысқан, - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада есірткі таратуға қатысы бар сайттар бұғатталғаны хабарланған.