Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Өскеменде сатыла бастаған әлеуметтік көмір бағасы қанша

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында күзгі сұранысты күтпей-ақ тұрғындардан әлеуметтік көмір сатып алуға өтінім қабылдау басталды.

көмір
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

2026-2027 жылғы жылыту маусымында қала тұрғындары үшін жеңілдетілген бағамен 30 мың тонна көмір сату жоспарланып отыр.

Қала әкімдігінің мәліметінше, көмір жеткізу жұмыстары алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жасалған үшжақты меморандум негізінде жүзеге асырылады. Әлеуметтік көмірді Өскемендегі үш көмір тұйығы арқылы сатып алуға болады.

— Жер үй тұрғындары қысқа алдын ала қамдануы үшін өтінім қабылдауды ертерек бастадық. Бұл көмір жеткізуді біркелкі ұйымдастыруға және сұраныс күрт артатын кезеңде ұзын-сонар кезектің алдын алуға мүмкіндік береді, — делінген ақпаратта.

Әлеуметтік көмір коммерциялық бағадан 500 теңгеге арзан сатылады. Қазіргі таңда жеткізушіге қарай «Қаражыра» көмірінің бір тоннасы 17 400-17 500 теңге аралығында, ал «Майкүбі» көмірі 17 500 теңге тұрады. Демек, әлеуметтік бағдарлама аясында тұрғындар көмірді нарықтық бағадан төмен бағамен сатып ала алады.

Әлеуметтік көмірді жеткізушілер ретінде «Сейком» ЖШС мен «Отын компаниясы Терминал» ЖШС («Қаражыра» көмірі), «Көмір-Достық» ЖШС («Майкүбі» көмірі) белгіленген.

Әлеуметтік көмір сатып алуға өтінімді аумақтық басқару орталықтарының филиалдары арқылы беруге болады. Сондай-ақ мұнда тұрғындарға құжат рәсімдеу және көмірді жеткізу тәртібі бойынша кеңес беріледі.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда көмір өнеркәсібін дамыту жоспары әзірленетінін жаздық.