Өскеменде Төмен байытылған уран банкі 2017 жылы толық іске қосылады

Қазақстанның ядролық материалдармен жұмыс жасау мен тасымалдауда 60 жылдан астам тәжірибесі бар, сонымен қатар, банк қызметі елдің нормативтік-құқықтық талаптарымен реттелетін болады. Дегенмен, ТБУБ-ты басқару және басшылық ету ісін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) толық жүргізетін болады. 2015 жылғы маусымда МАГАТЭ Басқарушылар кеңесі Қазақстан Республикасы Үкіметімен Төмен байытылған уранның резервтік банкін құру туралы келісімді мақұлдады.
ТБУБ жобасы коммерциялық нарықта ядролық материал сатып алудың мүмкіндігі болмаған жағдайда, бейбіт атомды қолданатын елдерге ТБУ қорларынан материал алу мүмкіндігін беру үшін әзірленген. Жоба МАГАТЭ мүше-мемлекеттерін отынның басқа көздерімен қамтамасыз ету тетіктері істен шыққан жағдайда сенімді отын көзімен қамтамасыз ету үшін ойластырылған. Банкті құру, сондай-ақ, ядролық қаруды таратпау үшін маңызды қадам болып табылады.
Қазақстан МАГАТЭ ТБУБ-ін орналастыру үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында бірауыздан таңдалды. Қазақстан ядролық отын циклінің жаһандық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ мақсаттарына адал. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммитте Қазақстан Президенті Н. Назарбаев ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде анағұрлым пәрменді жаһандық күш-жігерге шақыра отырып: «Біз төмен байытылған уранның халықаралық банкін құру туралы МАГАТЭ бастамасын қолдадық және оны өз аумағымызда орналастыру жөніндегі келіссөздерді қорытындылаймыз», - деп хабарлады.
Қабылдаушы тарап атынан келісімге қол қоятын ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов жақында: «Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қою атом энергетикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам болып табылады және бейбіт атомды ілгерілетуге Қазақстанның берік адалдығын паш етеді. Төмен байытылған уран банкі анағұрлым қауіпсіз әлемді құруға ықпал ететін, халықаралық қоғамдастықтың маңызды жаңа тетігі болып табылады. Мен осы жобаны іске асырудағы тиімді ынтымақтастығы үшін МАГАТЭ-ге және біздің әріптестерімізге ризашылығымды білдіремін», - деп айтып кеткен болатын.
ТБУБ жөніндегі келісім бүкіл дүниежүзінен қолдау тапқан және басты көшбасшыларының бастамаларында орын алған ұзақ мерзімді жоба болып табылады. «Ядролық қауіпті азайту жөніндегі бастама» (NTI) қорының кеңесшісі және ТБУБ-ін белсенді бастамашысы Уоррен Баффет: «ТБУБ анағұрлым қауіпсіз әлемге айрықша қажетті инвестиция болып табылады және әлеуетті ядролық қауіп-қатерді болдырмауда бағалы тетік», - деп айтқан болатын.
Биыл маусымда АҚШ-тың бұрынғы сенаторы және NTI тең төрағасы Сэм Нанн: «Бұл жоба ядролық саладағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды жетістігі болып табылады, жоба, сондай-ақ, апаттық салдарына ие лаңкестік іс-әрекеттерді және олардың таралуын қысқартуға, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға қолдау көрсетеді», - деді.
Қазақстан және МАГАТЭ банкті құру туралы келісімге ресми түрде 27 тамызда Астанада қол қояды. Нысан 2017 жылы іске қосылады деп жоспарланған.