Өскемендегі ядролық отын зауыты Қазақстанда салынатын АЭС-терге икемделуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Атом энергиясы жөніндегі агенттік Kazinform сауалына жолдаған жауапта «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың ұсынысына жауап берді.
Еске салсақ, ол Қазақстанда салынатын АЭС-ке қажетті ядролық отынды Өскемендегі «Үлбі жылу бөлгіш құрастырмалар зауыты» жеткізуге тиіс деген ұсыныс айтқан болатын.
— Біз өзімізді, «ҚазАтомӨнеркәсіпті», Қазақстан АЭС-іне қажет ядролық отынның «табиғи жеткізушісі» ретінде көреміз. Әрине мұндағы технология басқа, бірақ, ол басқа әңгіме. Әріптестерімізбен Үлбі зауытында қазақстандық АЭС-ке қажет жиынтық шығарып, құрастыратындай мүмкіндік болу үшін жұмыс істейміз, — деген болатын Мейіржан Юсупов.
Агенттіктің бұл мәселедегі ұстанымы мынадай: «Реттеуші орган үшін бірінші орында ядролық отын жеткізушінің кім екені емес, жеткізілетін өнімнің және оны өндіру процесінің қауіпсіздік нормаларына толық сәйкестігі тұрады. Реттеуші орган қарастыратын кез-келген ұсыныс техникалық сараптамадан өтуге тиіс. Егер „Қазатомөнеркәсіп“ ҰАК» АҚ ұсынатын отын Қазақстанда таңдалған реактордың жобалық талаптарына және АЭХА-ның (МАГАТЭ — ред) қауіпсіздік стандарттарына (SSR-4, NF-G-2.1) толық сәйкес келсе, реттеуші орган тарапынан шектеулер болмайды. Қолдау немесе қолдамау мәселесі ядролық отынның техникалық сипаттамаларының реактор қауіпсіздігіне сәйкестігіне негізделеді».
Жауаптан түсінгеніміз, әзірге Қазақстанда салынатын АЭС реакторлары қандай отынмен жұмыс істейтіні толық айқындалмаған.
— «Үлбі-ЖБҚ» зауыты өндірілетін отынды қытайлық тарап (CGN) сертификаттаған және нақты қытайлық реакторларға арналған. Себебі әр реактордың өзіндік құрылымдық параметрлері бар, сондықтан ядролық отын әр реактор түріне жеке дайындалады. Қазақстанда салынатын АЭС реакторының түрі «Үлбі-ЖБҚ» зауыты шығаратын отынды пайдаланатын реактор түрінен өзгеше болса, онда «Үлбі-ЖБҚ»-ның сертификатталған отыны автоматты түрде жарамайды. Ол үшін отынның жаңа реакторға сәйкестігін растайтын қосымша кешенді техникалық сараптамалар мен сынақтар қажет болады, — деп жазылған жауапта.
Агенттік мәліметіне сенсек, реттеуші орган әзірлеп жатқан стратегияда Қазақстанда салынатын АЭС реакторларына қажет жылу бөлгіш элементтер мен құрастырмалар өндірісін жергілікті деңгейде дамыту көзделген.
— АЭС құрылысы бойынша қарастырылып жатқан әлеуетті вендорлар (жеткізушілер) реакторлық технологияларымен бірге осы реакторларға ядролық отынды өндіру мәселесін де талқылауда. Отын жеткізу мәселесі — ұлттық деңгейде қабылданатын стратегиялық шешімнің бөлігі. Жоғарыда айтылғандай, әр реактордың өзіндік құрылымдық параметрлері мен жобалық қауіпсіздік критерийлері бар. Сондықтан ядролық отын әр реактор түріне жеке дайындалады. Ең алдымен, ядролық отынның сапасына, сенімділігіне және қауіпсіздік нормаларына сәйкестігіне назар аударылады, — деп жазылған агенттік жауабында.