Өскемендегі жарылыстан кейін ауа сапасын тексеру қорытындысы қашан шығады – Экология министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев «Қазцинк» зауытындағы жарылыстан кейін Өскемен қаласының ауасына жүргізілген мониторинг нәтижесі қашан белгілі болатынын айтты.
Мәжілістің жалпы отырысы аясында ол жарылыс орын алғаннан кейін Шығыс Қазақстан облыстық экология департаментінің қызметкерлері бірден ауа сапасына тексеру жүргізгенін айтты. Ал «Қазгидромет» мекемесі «Қазцинк» зауытының санитарлық-қорғаныс аймағынан тысқары жердегі ауа сапасына мониторинг жасау бекеттерін орнатты.
- Бүгінде барлық сынама өңделіп жатыр. Әр сынаманың химиялық және физикалық зерттеу жүргізуге қатысты өзіндік регламенті бар. Меніңше, бүгін-ақ мәліметтерді алып қалармыз. Егер іріктелген сараптамалардың шектен асу фактісі анықталатын болса, онда штаттан тыс жағдай салдарынан қоршаған ортаға келген шығын есептелінеді, - деді вице-министр.
Сонымен қатар ол халыққа өтемақы төлеу мәселесі қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті органның құзіретіне кірмейтіндігін атап өтті.
- Қазіргі уақытта «Қазгидромет» сынамалары деректерінің нәтижесі бойынша нормадан асып кету байқалмайды, - деді Жомарт Әлиев.
Еске салсақ, бүгін таңертең Өскемендегі кәсіпорында жарылыс болды.
Соның салдарынан екі адам қаза болып, бесеуі зардап шекті.