Өскемендіктердің қоқыс шығару қызметіне қарызы 250 млн теңгеге жуықтады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласының тұрғындары қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметіне 247 млн теңге қарыз.

Қарыз
Фото: ҚазАқпарат

Халықтың барлығы бірдей қоқыс шығаратын компаниямен қызмет көрсету жөнінде келісімшарт жасамаған. Ал келісімшарты бар абоненттердің өзі ақшаны уақтылы төлемейді. Бұл мәселе Қоғамдық кеңес отырысында көтерілді.

Қалалық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаевтың айтуынша, бүгінде Өскеменде 372,7 мың адам тұрады. Алайда қоқыс шығару қызметіне небәрі 224 мың абонентпен келісімшарт жасалған.

– Оның ішінде 204,3 мыңы – көпқабатты тұрғын үйлердің, 19,7 мыңы – жер үйлердің тұрғындары. Келісімшарт жасаған абоненттердің тек 80 пайызы ғана ақша төлеп отыр. Жалпы қарыз көлемі 247,1 миллион теңгеге жетті, – деді ол.

Яғни, әрбір бесінші абонент өзі пайдаланатын қызмет үшін ақы төлемейді. 

Мамандар үйлерді аралап, түбіртек таратып, келісімшарт жасау және ақшаны уақтылы төлеу қажеттігін түсіндіреді. Алайда келісімшарты бар азаматтардың өздері кей жағдайда төлем жасау қажеттігін елемейді. Әсіресе берешектің басым бөлігі қызмет тұрақты түрде көрсетілетін көпқабатты үйлерде қалыптасып отыр.

Берешек көлемі ұлғая берсе, қоқысты уақтылы шығару мен арнайы техниканы жаңарту мәселесі қиындайды. Бұл қаланың санитарлық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылордадағы көптеген қоқыс полигоны талапқа сай еместігі хабарланған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум