Отан қорғаушы күнін мемлекеттік мереке деп жариялау - біздің әскер мен халықтың бірлігін бекемдей түседі - генерал-майор Айтқали Есенғұлов

Бүгін бұл туралы Астанада аталған атаулы күнге орай өтіп жатқан шарада «Запастағы офицерлер ұйымы» халықаралық консультативтік кеңесінің тең төрағасы, генерал-майор Айтқали Есенғұлов мәлім етті.
«Қарулы Күштердің құрылуы - бұл кез-келген мемлекеттің өміріндегі маңызды оқиға. Ал Отан қорғаушы күнін мемлекеттік мереке деп жариялау біздің әскер мен халықтың бірлігін бекемдей түседі», - деп атап өтті ол.
А. Есенғұловтың айтуынша, бұл мерекеге мемлекеттік мәртебені беру лайықты әрі әділ шешім. «Еліміздің Президенті өте дұрыс шешім жасады және біз Елбасын толығымен қолдаймыз», - деп түйіндеді генерал-майор.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 3 мамырда «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы» Бұйрыққа қол қойды. Осыған сәйкес 7 мамыр - Отан қорғаушы күні мемлекеттік мереке болады.