Отандық баспа ісінің ардагері Альмира Сужикова дүниеден өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Отандық баспа ісінің ардагері, белгілі редактор әрі автор, «Құрмет» орденінің иегері Альмира Сужикова дүниеден өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады. 

Отандық баспа ісінің ардагері Альмира Сужикова дүниеден өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

— Мәдениет және ақпарат министрлігі отандық баспа ісінің ардагері, белгілі редактор әрі автор, «Құрмет» орденінің иегері Альмира Үмбетқызы Сужикованың дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтады, — делінген министрлік хабарламасында.

Альмира Үмбетқызы талай қаламгер мен жас маманға бағыт-бағдар берген білікті маман, тағылымы мол тәлімгер еді. Ол отандық кітап шығару ісінің дамуына елеулі үлес қосты. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы «Алматыкітап» баспасында еңбек етіп, мазмұны терең, көркемдік деңгейі жоғары көптеген басылымның жарық көруіне атсалысты.

«Менің Қазақстаным» сериясындағы ұлттық киім, салт-дәстүр мен тарихи тұлғалар туралы еңбектерге, Абай, Ыбырай, Ахмет және Шоқанға арналған танымдық кітаптарға, балалар әдебиеті мен энциклопедиялық, өлкетану басылымдарына оның авторлық және редакторлық еңбегі сіңді. Бұл туындылар талай оқырманның рухани серігіне айналып, жас ұрпақтың туған елдің тарихы мен мәдениетіне қызығушылығын арттырды.

Альмира Үмбетқызы кәсібіне адалдығымен, биік талғамымен әріптестерінің айрықша құрметіне бөленді. Оның өнегелі ғұмыры мен жарқын бейнесі туған-туыстарының, әріптестері мен оқырмандарының жүрегінде сақталып, артында қалдырған мол мұрасы ел игілігіне қызмет ете береді.