Отандық боксшы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына екінші алтынды салды

АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында финалда ел құрамасынан Оразбек Асылқұлов (57 келі) алтын медаль иегері атанды.

Қазақстандық боксшы Оразбек Асылқұлов әлем чемпионатын сәтті бастады
Фото: ҰОК

Отандасымыз алтын жүлдені тәжікстандық Хусравхон Рахимовпен сарапқа салды. Бірінші раундта төрешілер Оразбектің басымдығына қолдау білдірді. Одан кейінгі раундтарда да Оразбек қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Нәтижесінде қазақстандық боксшы әлем чемпионы атанды.

Енді ел құрамасынан Абылайхан Жүсіпов (71 келі) ресейлік Сергей Колденков, Сабыржан Аққалықов (75 келі) ресейлік Исмаил Муцольговпен қолғап түйістіреді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Сәкен Бибосынов екі дүркін әлем чемпионы атанды.

Аталған додада бақ сынаған отандастарымыз Теміртас Жүсіпов (48 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.

Сондай-ақ қазақстандық Даниял Сәбит (51 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) және Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) жарысты ерте аяқтады.

Айта кетсек, әлемдік додада Ресей құрамасынан 12 боксшы алтынға таласуға мүмкіндік алған еді. Ал Өзбекстан сапынан 6 боксшы финалға шықса, Қазақстаннан — 4, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстаннан 1 боксшы жеңістің ең биік тұғырына көтерілуге мүмкіндік алды.

Соңғы жаңалықтар