Отандық боксшы Сәкен Бибосыновқа жаңа әскери шен берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ боксының жарық жұлдызы Сәкен Бибосынов бұл жолы шаршы алаңнан тыс жерде кезекті жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
28 жастағы атақты спортшы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының жүлдегері ресми түрде аға лейтенант әскери шенін алды.
Орталық спорт клубының (ЦСКА) баспасөз қызметі спортшыны жаңа әскери атағымен құттықтады.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі саналады. Оның еншісінде 2021 және 2025 жылғы әлем чемпионаттарының алтын медальдары, сондай-ақ Токио Олимпиадасының қола жүлдесі бар.
Бұдан бөлек, тәжірибелі былғары қолғап шебері кәсіби бокста да табысты өнер көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта оның еншісінде екі жекпе-жекте екі жеңіс бар.
Еске салсақ, бұған дейін Сәкен Бибосыновтың WBA Asia белбеуі үшін өтетін жекпе-жегі бірнеше рет кейінге шегеріліп, кейін мүлде өтпей қалған болатын.
Алғашында Бішкек қаласында ұйымдастырылатын бокс кеші 17 сәуірге жоспарланған еді. Кейін ұйымдастырушылар Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты турнирді 23 мамырға ауыстырған. Алайда төрт күн қалғанда жарыстың толықтай тоқтатылғаны белгілі болды.