Сәкен Бибосынов екі дүркін әлем чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында финалда ел құрамасынан Сәкен Бибосынов (54 келі) шаршы алаңға шықты. 

Сәкен Бибосынов екі дүркін әлем чемпионы атанды
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Отандасымыз финалда ресейлік Вячеслав Рогозинмен қолғап түйістірді. Бірінші раундта төрешілердің екеуі Сәкеннің жеңісіне қолдау білдірсе, қалғаны ресейлік боксшының басымдығын мойындады. Екінші раундта ол қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті. Шешуші раундта да Сәкен жинақы қимылдады. Осылайша ол екі дүркін әлем чемпионы атанды.

Қазірге дейін отандасымыз Факи Исса Факи (Танзания), Катего Кеорапетсе (Ботсвана), замбиялық Муенго Муале сынды қарсыластарын қапы қалдырды.

Сәкен Бибосынов — ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі боксшының бірі. 1992 жылы дүниеге келген былғары қолғап шебері 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола алса, әлем чемпионатында 2021 жылы — алтын, 2019 жылы — қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ Азия чемпионатында күміс (2022) және қола (2021) жүлдегер атанды. 

Енді ел құрамасынан Оразбек Асылқұлов (57 келі) тәжікстандық Хусравхон Рахимов, Абылайхан Жүсіпов (71 келі) ресейлік Сергей Колденков, Сабыржан Аққалықов (75 келі) ресейлік Исмаил Муцольговпен қолғап түйістіреді.

Аталған додада бақ сынаған отандастарымыз Теміртас Жүсіпов (48 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қола жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ қазақстандық Даниял Сәбит (51 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) және Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) жарысты ерте аяқтады.

Айта кетсек, әлемдік додада Ресей құрамасынан 12 боксшы алтынға таласуға мүмкіндік алған еді. Ал Өзбекстан сапынан 6 боксшы финалға шықса, Қазақстаннан - 4, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстаннан 1 боксшы жеңістің ең биік тұғырына көтерілуге мүмкіндік алды. 

Бұған дейін Дубайдағы әлем чемпионатының финалында бақ сынайтын қазақстандық боксшылар шаршы алаңға қашан шығатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар