Отандық дәрігерлер донорлық ағзаны тасымалдаудың жаңа жүйесін әзірледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық дәрігерлер донорлық ағзаларды ұзақ қашықтыққа тасымалдауға арналған жаңа жүйе әзірледі. Қазір бұл технология клиникаға дейінгі зерттеу кезеңінен өтіп жатыр.
Бұл туралы «University Medical Center» корпоративтік қоры Медициналық және реттеуші мәселелер департаментінің бас менеджері, трансплантация жөніндегі үйлестіруші Сәуле Шайсұлтанова айтты.
Оның сөзінше, қайтыс болған донор еліміздің кез келген өңірінен табылуы мүмкін. Сондықтан трансплантация процесінің маңызды кезеңдерінің бірі — донорлық ағзаларды өңірлер арасында жедел тасымалдау.
— Донорлар Қазақстанның кез келген аймағында болуы мүмкін. Сондықтан елімізде трансплантация жүргізіле бастаған 2012 жылдан бері бері донорлық ағзалар түрлі өңірлерден трансплантация орталықтарына жеткізіліп келеді. Бұл — күнделікті атқарылатын жұмыстың бір бөлігі, — деді ол.
Сәуле Шайсұлтанова донорлық ағзаларды тасымалдауда уақыттың шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Әсіресе жүрек трансплантациясында әр сағаттың маңызы зор.
— Мәселен, жүрек ағзадан алынғаннан кейін төрт сағат ішінде басқа адамға салынуы тиіс, яғни осы уақыт ішінде ағза алынып, тасымалданып, реципиентке сәтті трансплантациялануы қажет. Қазақстанның жері кең болғандықтан, мұндай қысқа мерзімде ағзаны алыс өңірлерге жеткізу әрдайым оңай емес, — деді ол.
Оның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін қазір қазақстандық дәрігерлер америкалық тасымалдау жүйесін пайдаланып жатыр. Алайда оның құны қымбат.
— Сондықтан да біздің әріптестеріміз донорлық ағзаларды тасымалдауға арналған бірегей жүйе әзірледі. Қазір ол клиникаға дейінгі зерттеу кезеңінен өтіп жатыр. Болашақта осы технологияның арқасында донорлық ағзаларды анағұрлым ұзақ уақыт сақтап, ұзақ қашықтыққа жеткізу мүмкіндігі артады. Бұл еліміздің әртүрлі өңірлерінде трансплантацияны ұйымдастыруға қосымша мүмкіндік береді, — деді Сәуле Шайсұлтанова.
Еске салайық, елімізде донорлық ағзаға мұқтаж 4739 адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың 125-і — балалар.