Отандық фильмдердің халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі артады
АСТАНА. KAZINFORM — «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры мен Tolqyn Film Fund ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
— Құжат кино өндірісі мен креативті индустриялар саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Әсіресе инвестициялық мүмкіндіктерді арттыруға, отандық жобалардың бәсекеге қабілетін күшейтуге және олардың халықаралық нарыққа шығуына басымдық беріледі. Меморандум аясында бірлескен жұмыс топтары мен сараптама комиссиясын құру, салалық форумдар, конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу мәселелері де қарастырылған, — делінген ведомствоның хабарламасында.
Ынтымақтастық шеңберінде кино өндірісі, creative-tech, цифрлық контент, медиа және инвестициялық жобалар саласындағы бастамаларды қолдау жоспарланған. Сонымен қатар қазақстандық креативті жобаларды халықаралық деңгейде ілгерілетуге қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр.
Аталған меморандум Қазақстандағы креативті экономиканың дамуына тың серпін беріп, халықаралық серіктестікті тереңдетуге және шығармашылық индустрия өкілдері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға ықпал етеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қор MOST Holding жеке венчурлік қорымен де меморандумға қол қойған болатын. Тараптар бірлескен білім беру және акселерациялық бағдарламаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Еске сала кетсек, 2026 жылғы 25 сәуірде Мемлекет басшысына Креативті индустрияларды дамыту қорының кеңсесі мен негізгі қызмет бағыттары таныстырылды. Бүгінде Алматы мен Астанада креаторлар, салалық қауымдастықтар және шығармашылық орта өкілдерінің қатысуымен Креативті индустрияларды дамыту тұжырымдамасын талқылауға арналған стратегиялық сессиялар өткізілді. Сондай-ақ өңірлердің қатысуымен онлайн форматтағы кездесулер ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, биыл сәуір айында Қор Astana Eurasian Book Fair халықаралық кітап фестивалін ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына атсалысты.
Сонымен қатар Қордың алғашқы бастамаларының бірі — ұлттық қолөнер мен бейнелеу өнерін сақтауға және дамытуға бағытталған «Халық қолөнері және бейнелеу өнері мектебі» жобасы. Бастама сирек кездесетін дәстүрлі кәсіп түрлерін жаңғыртып, ұлттық өнердің тамырын үзбей, шеберлердің тәжірибесін жас буынға дәріптеуді көздейді.
— Жобаға қатысу үшін 330 өтінім түсіп, оның 271-і мақұлданды. Өтінім еліміздің әр өңірінен келіп түсті. Қатысушылар дәстүрлі текстиль мен киіз, сәндік-қолданбалы өнер, ұлттық киім, зергерлік өнер, ағаш және тері өңдеу, керамика, музыкалық аспап жасау бағыттары бойынша портфолио ұсынды, — деп хабарлады министрліктен.
Сондай-ақ жоба аясында қазақтың сирек кездесетін қолөнер түрлерін дәріптеп жүрген шеберлер де анықталды. Олардың қатарында сүйек ою өнері, шым ши тоқу, қамшы өру, ат әбзелдері, саятшылық бұйымдарын жасау ісінің және басқа да бағыттарды меңгерген шеберлер бар.
Енді шеберлер жобаның гранттық байқауына қатысады. Сонымен қатар оларға жастарға арналған оқу бағдарламалары мен шеберлік сабақтарын өткізу мүмкіндігі беріледі.
Алдағы уақытта Қор өңірлердегі шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталған Creative Aimaq апталық фестивалін жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Алматыда мемлекеттік қаржыландыруға үміткер 95 киножоба байқауға қатысып жатыр.